Қазақстанның көшпелі визасын алғандар салықты қалай төлейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді.
Қазақстан 2024 жылдың 18 қарашасынан Neo Nomad визасын іске қосты.
Ол шетелдік туристерге өз компаниясында қашықтан жұмыс істей отырып, Қазақстанда бір жылға дейін тұруға жол ашады.
Қазіргі уақытта Сингапур, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ, Португалия және өзге де мемлекеттердің азаматтарына 11 виза берілген.
Neo Nomad визасының иегері ұлыбританиялық Сертач Йенер агенттікке хабарласып, цифрлық көшпенділер қаншалықты салық төлеуге міндетті екенін сұрады.
Біз бұл сауалды Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдадық.
— Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлға ел аумағында 12 ай мерзімнің ішінде 183 не одан көп күн болса, резидент деп танылады. Резиденттер Қазақстанда да, шетелде де алынған кірісінен жеке табыс салығын дербес төлеуге міндетті. Егер кіріс шетелдік көзден алынса, растайтын құжаттары болған кезде шетелде төленген ұқсас салықты есепке жатқызу мүмкіндігімен 10% мөлшерлеме бойынша салық төленеді, — делінген комитет жауабында.
Сонымен қатар елімізде резидент саналатын тұлғалар есептелген жылдан кейінгі жылдың 15-ші қыркүйегіне дейін 270.00 нысан бойынша декларация тапсыруға, осы күннен кейін 10 күн ішінде салық төлеуге міндетті.
— Осылайша, егер Neo Nomad визасының иесі салық резиденті болса (күн саны бойынша), ол кірісін декларациялауға және салық төлеуге міндетті, — деп хабарлады комитеттен.
Еске салайық, бұған дейін Neo Nomad визасының алғашқы иегері ұлыбританиялық Сертач Йенермен сұхбат жарық көрген еді.