Непал-Қытай шекарасында су тасқыны құрбандарының саны 500 адамға жақындады

АСТАНА. KAZINFORM — Непалда кенеттен болған су тасқыны мен лай көшкінінен қаза тапқандар саны 469 адамға жетті, тағы 977 адам із-түзсіз жолғалды. Билік мәліметінше, Қытайда бес адам қаза болып, 500-ден астамы із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: NBC News

Непал полициясының мәлімдемесіне сәйкес, жұма күні таңертеңгі жағдай бойынша жарақат алған 84 адам ауруханаларға жеткізілді. Іздеу-құтқару операциясына 4300-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Қазіргі уақытқа дейін 1545 адам құтқарылды.

Түскі уақытта полиция су тасқыны туралы ескерту жариялап, тұрғындар мен құтқару жұмыстарына қатысушыларды қауіпсіз аймақтарға көшуге шақырды.

CCTV мәліметінше, Непал-Қытай шекарасындағы көшкін салдарынан пайда болған көл жұма күні арнасынан асып, таси бастады. Тасқын қаупіне байланысты барлық қытайлық құтқарушыларға қауіпсіз аймаққа шегінуге бұйрық берілді.

Қытайдың Су ресурстары министрлігінің хабарлауынша, бейсенбі күнгі жағдай бойынша көлде шамамен 2 млн текше метр су болған, алдағы үш күнде оған 3 млн текше метр су құйылады — бұл шамамен 1200 олимпиадалық бассейнге тең, ал ең жоғары ағын 1 қыркүйекте болады деп шамаланып отыр.

Непал таулы аймақтағы ондаған көпір мен шақырым жолдардың қирауына байланысты іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқандықтан қазіргі уақытта шетелдік көмекке мұқтаж емес екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Kazinform Непалдағы жойқын су тасқынына Лхендэ өзенінің арнасын уақытша бөгеп қалған мұздық пен тау жыныстарының опырылуы себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Табиғи бөгет бұзылғаннан кейін қуатты су ағыны өзеннің төменгі ағысына қарай ұмтылған.

Сондай-ақ су тасқынынан кейін жоғалғандар арасында Қазақстан азаматы барын хабарлаған болатынбыз. Ол туристік топ құрамында Непалдан Қытайға өткен. Қазақстандық дипломаттар оның қай жерде екенін анықтап жатыр. 

27 тамызда Непал мен Қытай аумағында мыңнан астам адамның із-түзсіз жоғалғанын жазған едік. Сол кезде Қытайдың Сицзан аймағында 558 адам, оның ішінде 260 шетелдік іздестіріліп жатқан.