Жергілікті биліктің сенбі күнгі мәліметінше, сәрсенбіде болған табиғи апаттан кейін іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Непалда 2420-дан астам, Қытайда 550-ден астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Сонымен қатар апат кезінде шекара маңында пайда болған табиғи бөгет бұзылып, жаңа су тасқынына әкелуі мүмкін деген қауіп күшейіп отыр.
Жапония үкіметіндегі дереккөздер мен Непалдың туризм саласындағы билік өкілдерінің мәліметінше, Осака префектурасынан келген Ямамото текті бес адамнан тұратын отбасы да із-түзсіз жоғалған. Олардың арасында жасы 40 шамасындағы ерлі-зайыпты мен кәмелетке толмаған үш баласы бар. Отбасы Непалға Қытай жағынан кіргеннен кейін байланысқа шықпаған.
Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының мәліметінше, табиғи апаттан шамамен 93 мың адам зардап шегіп, көмекке мұқтаж болып отыр.
Associated Press мәліметінше, отбасынан ажырап қалған балалар эвакуациялық орталықтарды паналаған. БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) гуманитарлық көмекке мұқтаж балалар санын шамамен 17 мың деп бағалап отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Непалдағы су тасқынынан 675 адам қаза тауып, 2,5 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалғанын жаздық.
Сондай-ақ Қытай-Непал шекарасында тағы бір Қазақстан азаматының іздестіріліп жатқаны белгілі болды.