Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, Тибетте кемінде бес адам қаза тауып, тағы 558 адам із-түзсіз жоғалған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, сәрсенбі күні тасқын су шекаралық аймақты басып, үйлер мен жолдарды шайып кеткен.
Құтқарушылар апаттан аман қалғандарға жету үшін уақытпен санасуға тура келіп отырғанын айтады. Бұған қоса, өңірде жаңа су тасқыны болуы мүмкін деген қауіп күшейді.
Көшкінге не себеп болды?
Алғашқыда Непал мен Тибет шекарасында жер сілкінісі болғаны хабарланып, көпшілік жерасты дүмпулері көшкінге, ал ол өз кезегінде сәрсенбі күні таңертең жойқын су тасқынына себеп болды деп болжаған.
Алайда кейін АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) апатқа мұздықтың опырылуы себеп болғанын растады. Яғни алып мұздықтың өзі немесе оның бір бөлігі бұзылып, опырылып түскен.
Ведомство мәліметінше, опырылған мұздықтың аңғар түбіне соғылғандағы қуаты соншалық, одан магнитудасы 5,2 болатын сейсмикалық дүмпу тіркелген. Бұл өз кезегінде өзеннің төменгі ағысында апатты салдарға әкелген.
АҚШ Геологиялық қызметінің хабарлауынша, аса қуатты тасқын су мен тау жыныстары Тришули және Бхоте-Коши өзендерінің бойымен шамамен 100 шақырым төмен қарай ағып, Непалдың солтүстігіндегі альпинистер мен зияратшылар арасында танымал елді мекендерді су басқан.
Бейнежазбалардан Нувакот аймағындағы тұрғындар қауіпсіз жерге қашып бара жатқанда, лай мен тастан құралған алапат тасқынның ғимараттарды, жолдар мен көліктерді жайпап өткенін көруге болады.
Тағы бір видеода су мен лайдың алып толқыны Тришули өзенінің бойындағы шатқалмен төмен қарай ағып, Расувагадхи шекара бекетін және Непал жағындағы көпқабатты ғимаратты басып қалғаны көрінеді.
Шекараның арғы жағындағы Гиронг порты да зардап шекті. Тибет ауылдарында бірнеше адамның қаза тапқаны хабарланды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Непалда 17 мыңнан астам бала табиғи апат аймағында қалғанын жаздық.