Непалда 17 мыңнан астам бала табиғи апат аймағында қалды

АСТАНА. KAZINFORM — 26 тамызда Непалдың Расува, Нувакот және Дхадинг аудандарында болған жойқын су тасқынынан кейін кемінде 17 мың бала шұғыл көмекке мұқтаж. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Фото: ЮНИСЕФ

БҰҰ зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ресурстарын жұмылдырады

— Біріккен Ұлттар Ұйымы қажетті ресурстар мен гуманитарлық топтарды жұмылдырып жатыр. Біз ұлттық биліктің шұғыл көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін қолдауға міндеттіміз, — деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Том Флетчер Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі орталық қордан алғашқы 2 миллион доллар бөлгенін мәлімдеді.

Су тасқыны үйлерді, мектептер мен ауруханаларды қиратты

— Расува мен Дхадингтегі балалар бірнеше минуттың ішінде тасқын судың өздері үйренген өмірді қалай шайып кеткенін көрді. Үйлер, мектептер мен медициналық мекемелер қирады. Қаза тапқандардың арасында балалар да бар, көптеген бала жақындарынан айырылды, — деді ЮНИСЕФ-тің Непалдағы өкілі Элис Акунга.

Оның айтуынша, табиғи апаттан аман қалған балалар енді түрлі ауруларға, жеткіліксіз тамақтануға, зорлық-зомбылық пен қанауға ұшырау қаупінде. ЮНИСЕФ зардап шеккен аудандарда жұмыс істеп, көмек көлемін арттырып жатыр. Алайда ұйымға шұғыл түрде қосымша ресурстар қажет. БҰҰ Балалар қоры осы мақсатқа 17,2 миллион доллар сұратты.

Тұтас аудандар сыртқы әлемнен оқшауланды

Жойқын су тасқыны бірқатар елді мекенді шайып кетіп немесе сыртқы әлеммен байланысын үзіп тастады. Жолдар, көпірлер, су электр нысандары, сумен жабдықтау және телекоммуникация жүйелері айтарлықтай зақымданды.

Көптеген аудандарға жету әлі де қиын. Бұл өмірлік маңызы бар көмекті жеткізуге кедергі келтіріп отыр. Кемінде төрт медициналық мекеме қатты зақымданып, балалар мен олардың отбасыларының медициналық көмекке қолжетімділігі шектелді.

Мыңдаған бала мектепсіз қалды

Су тасқыны 18 мектепті толығымен қиратып, тағы 20 мектепке зақым келтірді. Өзен жағалауларына жақын орналасқан ондаған оқу орны әлі де қауіп алдында тұр.

Соның салдарынан мектеп жасындағы шамамен 10 мың бала білім беру саласында шұғыл қолдауға мұқтаж. Олар үшін уақытша оқу орталықтарын ашып, оқу құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Балалар мен мұғалімдерге психологиялық көмек те керек.

ЮНИСЕФ шұғыл көмек көрсетіп жатыр

Непал Үкіметі және гуманитарлық ұйымдармен бірлесіп, ЮНИСЕФ денсаулық сақтау, тамақтану, сумен жабдықтау, санитария және гигиена, сондай-ақ білім беру, балаларды қорғау және әлеуметтік қолдау бағыттарындағы көмек жұмыстарын кеңейтіп жатыр.

Алдағы күндері зардап шеккен аудандарға медициналық шатырлар, масадан қорғайтын торлар, жаңа туған нәрестелерге арналған жиынтықтар және қатты ашығудан зардап шеккен балаларға арналған емдік тағам жеткізіледі. Мыңдаған отбасы шұғыл гигиеналық жиынтықтармен қамтамасыз етіліп жатыр.

Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерге психологиялық көмек көрсететін мамандар топтары жіберілді. ЮНИСЕФ хабар-ошарсыз кеткен немесе отбасынан ажырап қалған балаларды анықтап, тіркеуге де көмектесіп жатыр.

Еске салайық, 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасына жақын аумақта кенеттен болған су тасқыны салдарынан көшкіндер жүрген.

Бұған дейін Непалдағы табиғи апаттан кейін Қазақстанның екі азаматы хабар-ошарсыз кеткені хабарланған болатын.

Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және оның салдарын жою жөніндегі ұлттық басқармасының жаңартылған мәліметіне сәйкес, елдегі табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 538 адамға жетті. 977 адамның қайда екені белгісіз. Хабар-ошарсыз кеткендердің арасында 517 шетел азаматы бар.

Қытайдың шекаралас аумағында, ҚХР-дың Сицзан автономиялық ауданында, Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, жұма, 28 тамыз күні сағат 15:00–дегі жағдай бойынша бес адам қаза тапқан. Тағы 558 адам хабар-ошарсыз кеткен, олардың 260-ы басқа мемлекеттердің азаматтары. 

Айта кетелік Непал-Қытай шекарасында су тасқыны құрбандарының саны 500 адамға жақындады