Непалда 71 адам мінген ұшақ апатқа ұшырады

АСТАНА.ҚазАқпарат - Непал астанасы Катманду қаласында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Ақпарат көзінің мәліметінше, ұшақ Бангладеш Республикасының «US-Bangla» авиакомпаниясына тиесілі. Бангладеш астанасы Даккадан ұшып шыққан әуе кемесі Катмандудың Трибхуван халықаралық әуежайына қону кезінде апатқа ұшыраған. Оның бортында 67 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі болған.

Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, апат салдарынан қаза болғандар саны 49 адамға жетіп, жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ әуежай жұмысы уақытша тоқтатылып, барлық рейстер кейінге қалдырылды.