Непалда екі тікұшақ соқтығысып, шетелдік азамат қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Непалда Эверест тауының маңында екі тікұшақ соқтығысып, бір адам көз жұмды, тағы екі адам жарақат алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Al Jazeera басылымына сілтеме жасап.

Видеодан алынған кадр

Оқыс оқиға сейсенбі күні екі тікұшақ Эверест базалық лагерінен төменірек орналасқан алаңға қонуға әрекет жасаған кезде болған. Апат теңіз деңгейінен 4 мың метрден астам биіктіктегі Периче ауылында тіркелді.

Әлеуметтік желілерде тікұшақтардың соқтығысқан сәті түсірілген видео тарады.

Билік өкілдері Үндістанның 47 жастағы азаматы қаза тапқанын растады. Жаңа Зеландия азаматы мен непалдық ұшқыш жарақат алған. Ал екі тікұшақта барлығы қанша адам болғаны әзірге белгісіз.

Эверест маңында жол болмағандықтан, таулы аймақта қатынау қиын. Ауруға шалдыққан немесе әлсіреп, жорығын жалғастыра алмаған туристер мен гидтерді эвакуациялау үшін тікұшақтар жиі пайдаланылады.

Апат Непалда туристік маусым қызған шақта болды. Бұл кезеңде тікұшақтар өңірге туристер мен альпинистерді жиі тасымалдайды.

Тікұшақтардың соқтығысу себебі әзірге белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, әуежайдың диспетчерлік мұнарасы қамтымайтын аймақта ұшқыштар бір-бірінің әрекетін дұрыс түсінбеген болуы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ-та екі тікұшақ соқтығысып, үш адам қаза тапқанын хабарланғанбыз.