Непалда министрлер тікұшақтармен эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Непалда осы аптаның басында басталған жаппай наразылықтар кезінде министрлер мен олардың отбасы мүшелерін эвакуациялау үшін әскери тікұшақтар жұмылдырылды, деп хабарлайды Times of India.
Әлеуметтік желіде тез тараған бейнекадрлардан шенеуніктер және олардың туыстарын әскери тікұшақтарда құтқару арқандарымен көтеріп, наразылық білдірушілер жерден қарап тұрғаны көрініп тұр.
Бейнежазбада наразылық білдірушілердің Қаржы министрі және Сыртқы істер министрі Арзу Рана Деуба мен оның күйеуі, бұрынғы премьер-министр Шер Бахадур Деубаға шабуыл жасалған сәті түсіп қалған.
Еске сала кетсек, 8-9 қыркүйек күндері болған Непалда наразылық кезінде полицияның оқ жаудыруы салдарынан 14 адам қаза тапты.
Шерушілер үкіметтен әлеуметтік желілерді бұғаттамауды және жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етті. Наразылық білдірушілердің басым көпшілігі — Z ұрпағы немесе 1995-2012 жылдар аралығында туғандар.
Непал премьер-министрі жаппай наразылықтар тұсында отставкаға кетті.
Непалдың Лалитпур қаласындағы Накху түрмесінен 1 500-ге жуық тұтқын қашып кетті.
Ал елдің әуежайлары 11 қыркүйекке дейін жабылды.
Непалдағы тәртіпсіздіктерге байланысты ел армиясы кейбір қалаларда коменданттық сағатты 12 қыркүйекке дейін ұзартты.
Непал денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тәртіпсіздіктерден қаза тапқандар саны 51-ге жетіп, 1 000-нан астамы жараланған. Непалдағы тәртіпсіздіктер кезінде 15 мың адам түрмеден қашып кеткен.
Қоғамдық инфрақұрылымға келтірілген залал 1,4 млрд долларға бағаланып отыр.
Наразылықтарда шешуші рөл атқарған Gen-Z қозғалысы Непал Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Сушила Каркиді уақытша үкімет басшысы лауазымына ұсынғанын жазған болатынбыз.