Непалдағы су тасқыны құрбандарының саны 1,2 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM - Непалдағы су тасқынынан құрбан болғандар саны 1 204 адамға жетті. Тағы 4 216 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Құтқару және іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ресейдік ТАСС .

Фото: Jigme Dorje/Xinhua

Непалдың Апат қаупін азайту және оның салдарын жою ұлттық басқармасының мәліметінше, алапат су тасқынынан қаза тапқандар саны 1 204 адам болды. Тағы 4 216 адам хабар-ошарсыз кеткен деп есептеледі.

Табиғи апат 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасындағы Гималай тауларында мұздықтың опырылуынан кейін болған. Су, мұз, лай және тас араласқан екпінді ағындар аңғарларды бойлап, тұрғын үйлерді, жолдар мен көпірлерді, сондай-ақ гидроэнергетика нысандарын қиратып кеткен.

Қазір құтқарушылар негізгі күшті гидроэнергетика нысандарын тексеруге бағыттап отыр. Жүздеген жұмысшы жерасты тоннельдерінде қалып қоюы мүмкін. Кей учаскелерде инженерлер тоннельдердің ішіне ауа айдап жатыр. Бұл тірі қалған адамдарды табуға әлі де үміт бар екенін көрсетеді. Құтқару жұмыстарына басқа елдердің мамандары да тартылды.

БАҚ мәліметінше, апаттан зардап шеккен аудандарда мыңдаған полиция қызметкері, әскери және құтқарушы іздестіру жұмыстарына әрі апат салдарын жоюға қатысып жатыр. Сонымен қатар ең көп зардап шеккен елді мекендерде байланыс, электрмен жабдықтау және көлік инфрақұрылымы қалпына келтіріліп жатыр.

Билік қаза тапқандардың аты-жөндерін анықтауда да қиындықтарға тап болды. Тұлғасы анықталмаған мәйіттерден ДНҚ үлгілері алынып, кейін олар жоғалған адамдардың туыстарынан алынған үлгілермен салыстырылады. Кейбір аудандарда жақындары тағдыры белгісіз адамдарға арнап символикалық жерлеу рәсімдерін өткізіп жатыр.

Осыған дейін Непалда әлі де көшкін қаупі бар екенін жаздық.

Сондай-ақ Непалдағы су тасқынынан жоғалып кеткен туристер байланысқа шыға бастады.