Непалдағы су тасқынынан 1 300-ден астам адам қаза тапты: елде аза тұту күні жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Непалда 26 тамызда болған алапат су тасқынынан қаза тапқандарды еске алу үшін дүйсенбі күні ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсіріліп, қаза тапқандардың отбасылары дәстүрлі аза тұту рәсімдерін өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Фото: Анадолу

Ресми мәліметке қарағанда, Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан 1 300-ден астам адам қаза тапқан. Тағы 5 000-ға жуық адам, оның ішінде шетел азаматтары да бар, әзірше хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Халқының басым бөлігі индуизм дінін ұстанатын Непалда аза тұту дәстүр бойынша 13 күнге созылады. Осы кезеңде марқұмдардың жақын туыстары үйде болып, қалғандары көңіл айту үшін келеді. Он үшінші күні арнайы рәсімдер өткізіліп, қайтыс болғандардың рухына дұға жасалады.

Туыстары әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен бірнеше адам дәстүрлі аза тұту рәсімдерін сақтай отырып, символикалық жерлеу рәсімін өткізді. Индуизм дәстүрінде мәйітті өртеу ең маңызды қорытынды рәсімдердің бірі болып есептеледі. Сондықтан кейбір отбасы үшін жақындарының денесі табылмаса да, жерлеу рәсімін өткізу рухани тұрғыдан жеңілдік сезімін береді.

Катмандуда туыстары премьер-министрдің резиденциясы мен бірнеше министрліктің ғимараты алдына жиналып, биліктен жүздеген адамды іздеу жұмыстарын жеделдетуді талап етті. Олардың арасында су тасқыны кезінде Бхотекоши өзенінің ағынымен ағып кеткен немесе үйінді астында қалған гидроэлектр станцияларында жұмыс істеген адамдар бар.

Әлі де хабар-ошарсыз кеткен жүздеген адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сенбі күні құтқарушылар электр станцияларының бірінің аумағынан Қытай азаматын тапты. Ал жұма күні осы жерден екі непалдық азамат құтқарылған.

Биліктің мәліметінше, қазір негізгі күш 12 гидроэнергетикалық нысанға бағытталған. Онда шамамен 900 жұмысшы хабар-ошарсыз кеткен, ал олардың 500-ге жуығы туннельдерде қалып қойған болуы мүмкін.

Бұрын-соңды болмаған сынақ

— Бұл апат бұрын-соңды болмаған сынаққа айналды, — деді дүйсенбі күні аустралиялық құтқару операцияларының сарапшысы. 

Оның айтуынша, іздеу-құтқару жұмыстары бір уақытта бірнеше гидроэлектр станциясының туннелінде жүргізіліп жатыр.

— Біз бұған дейін мұндай жағдайға ешқашан тап болған емеспіз. Негізінде, бұл бір ғана операция емес, әртүрлі жерде бір уақытта жүргізіліп жатқан бірнеше операция. Олардың әрқайсысының өз тәуекелі, белгісіздігі және әлі де құтқаруға болатын адам өмірі бар, — деп жазды Х әлеуметтік желісінде Халықаралық туннельдер және жерасты кеңістігі қауымдастығының президенті Арнольд Дикс.

— Құтқару операциясы алғашқы күндегідей қарқынмен жалғасып жатыр. Біздің күш-жігеріміз үш бағытта — жерде, әуеден және туннельдерде іздеу-құтқару жұмыстарына шоғырланған. Ешкімнің қақпанға түсіп, көмексіз қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, — деді дүйсенбі күні AFP агенттігіне Непал армиясының ресми өкілі Раджа Рам Баснет.

Демалыс күндері туннельдерден үш жұмысшының құтқарылуы өзге де тірі қалғандарды табуға үміт отын жақты.

Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея және АҚШ-тан келген құтқарушылар үйінділерді, зақымданған нысандар мен туннельдерді тексеріп, тірі қалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

— Бізді қанша адамның өмірін құтқарғанымызбен ғана емес, әлі де іздеу жұмыстарын тоқтатпай, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуді жалғастырып жатқанымызбен де бағалайды, — деді Дикс.

Еске салайық, бұған дейін БҰҰ Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 49,6 млн доллар сұрағанын хабарлағанбыз.