Непалдағы су тасқыны: 675 адам қаза тауып, 2,5 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалды

АСТАНА. KAZINFORM – Непалда жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 675 адамға жетіп, тағы 2498 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында қалып отыр, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

Фото: The Kathmandu Post.

Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, бұл деректер сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:30-дағы жағдайға сәйкес тіркелген.

Құтқару және іздестіру жұмыстары су тасқынынан зардап шеккен аудандарда жалғасып жатыр.

Сонымен қатар табиғи апат салдарынан жүздеген туристпен байланыс үзілген.

– Непалдың Мәдениет, туризм және азаматтық авиация министрлігіне қарасты Туризм департаментінің мәліметінше, жергілікті уақыт бойынша сағат 17:30-да барлығы 753 туристпен байланыс болмаған. Олардың 589-ы – шетел азаматтары, – делінген хабарламада.

Катманду округінің әкімшілігі сенбі күні шұғыл үндеу жариялап, ел астанасындағы түрлі қауымдастықтарды, мекемелерді, кәсіпорындар мен жеке тұлғаларды табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуге шақырды.

Жиналатын гуманитарлық жүктер ең көп зардап шеккен Расува, Нувакот және Дхадинг округтерінің тұрғындарына жіберіледі.

Айта кетейік, Непалда су электр станциясының жүздеген жұмысшысы тоннельдерде қалып қоюы мүмкін.