Непалға келген апат: елді қалпына келтіруге 4,78 млрд доллар керек

АСТАНА. KAZINFORM — Непалда 26 тамызда Қытай шекарасына жақын орналасқан Расува ауданында және оған іргелес аумақтарда болған су тасқынынан кейін елді қалпына келтіруге шамамен 4,78 млрд доллар қажет. Табиғи апат салдарынан 1385 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: Анадолы

Непал Сыртқы істер министрлігі елдегі су тасқынының экономикалық салдары туралы жазбаша мәлімдеме жариялады.

Мәлімдемеде су тасқынынан келген жалпы шығын шамамен 1,8 млрд долларды, ал болжамды экономикалық залал 883 млн долларды құрайтыны айтылған.

Елді қалпына келтіруге қажетті қаражаттың жалпы көлемі шамамен 4,78 млрд доллар деп бағаланып отыр. Оның ішінде 57,67 млн доллар алдағы алты айда, ал шамамен 4,71 млрд доллар ұзақ мерзімді қалпына келтіру жұмыстарына қажет болады.

Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және оларды басқару ұлттық агенттігінің мәліметінше, су тасқынынан қаза тапқандар саны 1385 адамға жеткен. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен 5130 адамды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Су тасқыны кезінде 13 676 адам құтқарылған. Жарақат алған 337 адамға медициналық көмек көрсетілді.

Сарапшылар мұздықтың опырылуы себеп болуы мүмкін екенін айтты

26 тамызда Расува ауданында болған су тасқыны салдарынан ондаған көпір қирап, жолдар бүлінген. Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін аймаққа тікұшақтар жіберілді.

АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) бастапқыда өңірде су тасқыны алдында жер сілкінісі болғанын хабарлаған. Кейін деректерін жаңартып, магнитудасы 5,2 болған сейсмикалық құбылысқа мұздықтың опырылуы себеп болғанын мәлімдеді.

Катмандуда орналасқан Таулы аймақтарды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың сарапшылары су тасқыны осы өңірдегі тау массивінен мұздық бөліктерінің үзіліп түсуінен болған көшкін салдарынан пайда болғанын айтты.

Осыған дейін Непалдағы жойқын тасқын ғарыштан түсірілгенін жазған едік.

Сонымен қатар БҰҰ Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 49,6 млн доллар сұрады.