Несие 3,7 млн теңгеден асқан жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов алынатын несие сомасы 3,7 млн теңгеден артық болған жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек екенін айтты.
Атап айтқанда, бүгін Сенатта қаралған кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңда жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы ескерілген. Яғни алынатын несие сомасы 1 мың АЕК-ке жетпесе, онда жұбайының рұқсаты керек болмайды.
«Нормативті-құқықтық актінің жобасында алдын ала 1 мың АЕК (1 АЕК – 3 692 мың теңге) деңгейінде болуы керек деп белгіледік. Бұл – шамамен 3 млн 700 мың теңге. Мәселен, ерлі-зайыптылардың біреуі шетелде болуы мүмкін. Осы кезде жұбайына шұғыл түрде қаражат керек болуы ықтимал. Біздің ойымызша, бұл сома (1 мың АЕК-ке дейінгі сомадағы несие) қандай да бір шұғыл қажет жағдайларға, оның ішінде медициналық көмек мәселесін шешуге жетіп қалады», - деді О. Қизатов Сенатта болған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қомақты сомадағы несиені алу кезінде ерлі-зайыптылардың өзара келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы алаяқтық операцияларды азайтуға бағытталған. Өйткені қазір несие беру кезінде алаяқтардың әрекеті артып келе жатыр.