Несие алуға «Стоп-кредит» қойғандар қандай қарыздарды бәрібір рәсімдей алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік беретін «Стоп-кредит» қызметі жұмыс істейді. Алайда бұл тетік барлық жағдайда бірдей қолданылмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Стоп-кредитке» қатысты негізгі ерекшеліктерді түсіндірді.

Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

«Стоп-кредит» қосылған кезде банк немесе микроқаржы ұйымы азаматқа қарыз беруден бас тартуға міндетті. Дегенмен заңнамада бұл шектеу қолданылмайтын бірқатар жағдай қарастырылған.

«Стоп-кредит» банк қарыздарына қатысты мына жағдайларда қолданылмайды:

  • тұтынушылық қарыздың сомасы тікелей тауарды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметті сатушының шотына аударылса және қарыз алушы тауарды, жұмысты немесе қызметті алғанын растаса. Бұл — тауарлық кредит;

  • қарыз сол банктегі басқа берешекті өтеу үшін берілсе, яғни ішкі қайта қаржыландыру кезінде;

  • төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен (648 750 теңге) аспайтын кредиттік лимит шеңберінде қарыз берілсе. Бұл лимит тауарлар мен қызметтерді төлеуге арналған жаңартылатын кредиттік лимит болуы керек;

  • қарыз қаражаты тек салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті төлеуге мақсатты түрде аударылса.

Микрокредиттер бойынша да бірқатар ерекшелік бар.

«Стоп-кредит» қосылғанына қарамастан, микроқаржы ұйымы:

  • тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ақшаны тікелей сатушыға немесе өнім берушіге аударуға;

  • сол микроқаржы ұйымындағы бұрынғы берешекті қайта қаржыландыруға;

  • салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге микрокредит беруге құқылы.

Сонымен қатар ломбардтар беретін микрокредиттерге «Стоп-кредит» тетігі қолданылмайды.

«Стоп-кредит» бұзылып, несие берілсе не болады?

Егер банк немесе микроқаржы ұйымы «Стоп-кредит» талабын бұзып, банктік қарыз немесе микрокредит берсе, қаржы ұйымы заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті.

Атап айтқанда, несие бойынша берешу есептен шығарылуы, қарыз алушының кредиттік тарихына тиісті түзету енгізілуі және одан өндіріп алынған қаражат қайтарылуы тиіс.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Стоп-кредит» тетігі банк пен микроқаржы ұйымдары қарыз беру кезінде орындауға міндетті басқа талаптардың күшін жоймайтынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін «Стоп-кредит» қызметін 6,3 млн адам пайдаланғанын хабарлаған едік.