Несиеге 700, лизингке 200 млрд: Биыл ауыл шаруашылығы қалай қаржыландырылады

Фото: Коллаж: Kazinform/Gov.kz/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне субсидия беру тәжірибесінен біртіндеп жеңілдетілген несие беру тәсіліне көшіп жатыр. Былтырғы жоспар бойынша, 2025 жылы бұндай мақсатта бөлінетін қаржы сомасы 700 млрд теңге болып белгіленген. Қазіргі экономикалық жағдайда бұл сома өзгеріссіз қала ма? Жалпы, биыл шаруалар қанша теңге жеңілдетілген несие ала алады? Ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне қанша қаржы бөлінеді? Kazinform агенттігі ресми сауалға ҚР АШМ жолдаған жауаптар негізінде осы тақырыпқа шолу ұсынады.

Жеңілдетілген несиеге 700 млрд теңге бөлінеді

Мемлекет басшысы 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен жеңілдікті кредит беру тәсіліне біртіндеп көшуді тапсырды. Былтыр саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі алғаш рет 580 млрд теңге болды. Бұл қаражат егіншілерге тікелей жеңілдетілген несие беруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге, форвардтық сатып алуға бағытталды.

— 2024 жылы 5%-бен берілген несие шаруаларға қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды толық көлемде сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстанда жасалған 4 300 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу қамтамасыз етілді. Жеңілдікті лизинг бағдарламасының арқасында өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту 5,5%-ға жетті, - делінген мәліметте.

Жалпы қаржыландыру көлемі де былтырғы белгіленген межені сақтайтыны белгілі болды. Бұл ел тарихындағы ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несие үшін бөлінген рекордтық сома екенін атап өткен жөн.

— Биыл жеңілдетілген кредит беру көлемі - 700 млрд теңге. Қаражат 6 түрлі тарату арналары арқылы да қолжетімді. Осылайша Аграрлық несие корпорациясына, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге, микроқаржы ұйымдарына, өңірлік инвестициялық орталықтарға, кредиттік серіктестіктерге, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тікелей кредит беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде 2025 жылғы егіс науқанын қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау 29 қарашадан басталды, - деп хабарлайды ведомство.

Бүгінде бұл қаржының жартысынан астамы шаруаларға беріліп қойған. Күні кеше министр Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында 6,1 мың шаруаға 384,8 млрд теңге қаржы берілгенін айтқан еді.

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Несиені кепілдендіру көлемі ұлғаяды

Өткен жылы «кепілдік беру бағдарламасы» енгізіліп, кепіл базасы жеткіліксіз фермерлер үшін жеңілдікті кредит алу мүмкіндігі артты. Биыл да осы бағыт бойынша жұмыс күшейтілмек.

— Кепілдік беру жалғасады, биыл көктемгі дала жұмыстарына (КДЖ) шамамен 250 млрд теңге кредит беру жоспарланған. Өткен жылы көктемгі дала жұмыстары мен егін жинау жұмыстары кезінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қарыздарға портфельдік кепілдік беру тетігі енгізілді, ол қарыз сомасының 85% кепілдікпен жабуға мүмкіндік береді. Кепілдендірілген қарыз шарттары шеңберінде 94,2 млрд теңге сомасына кредиттік қарыздар берілді, 80,1 млрд теңге сомасына 401 кепілдік берілді, - делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне 200 млрд теңге бөлінеді

Былтырғы қорытынды дерек бойынша, Қазақстанда 149,9 мың трактор, 38,7 мың комбайн, 5 мың егіс кешені, 76,4 мың тұқым сепкіш және 219 мыңға жуық топырақ өңдейтін және мамандандырылған техника бар. Соңғы 8 жылда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі екі еседен астам өскен. Алайда жалпы көрсеткіш көңіл көншітпейді: 2017 жылы - 1,9%, 2024 жылы - 5,5%.

2024 жылы 7 жыл мерзімге жылдық 5%-дық мөлшерлемемен 120 миллиард теңгеге ауқымды жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды. Ал сол жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша шаруалар 212,9 млрд теңгеге 9 887 техниканы лизингке алған, бұл - 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық.

Биыл лизингке бөлінетін қаржы былтырғыдан 80 млрд теңгеге артық.

— 200 млрд теңге сомасына жеңілдікті лизингті ұйымдастыру отандық өндірістің 6 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда өтінімдер пулы 120,1 млрд теңге сомасына 3 222 техника, жалпы құны 56,8 млрд теңге болатын 3 340 ауыл шаруашылығы техникасы қаржыландырылды, 17,1 млрд теңге сомасына 763 өтінім мақұлданды. Қалған өтінімдер қарау сатысында, - деп мәлімдейді министрлік.

«Өңдеуші кәсіпорындарға 48 млрд теңге»: бағдарлама әзірленіп жатыр

Жеңілдікті лизинг бағдарламасы есебінен 2024 жылы 35 млрд теңге өсімдік шаруашылығы өнімі мен шикізатын өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл отандық өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыруға көмектесті. Қазіргі таңда бұл мақсаттағы жеңілдікті қаржыны 48 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

— Қайта өңдеуді дамыту шеңберінде жалпы сомасы 48 млрд теңгеге өңдеуші кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру жалғасып жатыр. Жылдық 5% мөлшерлеме бойынша қаржыландыру отандық өңдеуші зауыттарды ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алу маусымында қажетті қаражатпен қамтамасыз ете отырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл шаралар фермерлерді ауыл шаруашылығы циклінің барлық кезеңдерінде, дайындықтан бастап егін жинауға дейін қолдауға мүмкіндік береді, - деп мәлімдейді министрліктен.

Фото: gov.kz

Мал шаруашылығына 51,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілмек

Мал шаруашылығы саласы да қаржыландырудан тыс қалмайды. Енді бұл салаға да 5 пайыздық несие бөлінеді, бірақ бұрынғыдай субсидия беру тәжірибесі тоқтатылады.

— Биыл министрлік «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі есебінен фермерлерге 5% мөлшерлеме бойынша қолжетімді болатын 51,5 млрд теңге сомасында жеңілдікті несие беру бағдарламасын іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Аталып өткен барлық қаржыландыру бағдарламалары субсидия беру қажеттілігінсіз іске асырылады және шаруаларды жылдық таза 5%-бен тікелей кредиттеуді көздейді, бұл фермерлік қоғамдастық үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін едәуір жеңілдетеді, - делінген хабарламада.

Жалпы, АШМ бұдан кейін елімізде мал басына субсидия беруді өткізілген еттің әр келісіне ақша төлеу тетігімен алмастырмақ. Министр Айдарбек Сапаров бұл өзгеріс саладағы бармақ басты, көз қысты схемаларды жою үшін қолға алынып отырғанын айтқан еді.

Қаражат 6 түрлі арнамен беріледі

2024 жылы қаржыландыру көлемі 580 млрд теңге болғанын айттық. Министрлік мәліметінше, «Кен Дала-1» арқылы 140 млрд теңге, «Кен Дала-2» арқылы 181,5 млрд теңге берілсе, форвардтық сатып алуға – 40 млрд теңге, «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасына 120 млрд теңге бөлінген. 35 млрд теңге – қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы арқылы, 63,5 млрд теңге – қаржыландырудың басқа көздері арқылы берілді.

Қаражат 6 қаржыландыру арнасы арқылы бөлінді: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар. Оның ішінде:

  1. Тікелей кредит беру, «АНК» АҚ – 13%.
  2. Екінші деңгейдегі банктер – 27%.
  3. Микроқаржы ұйымдары – 3%.
  4. Өңірлік инвестициялық орталықтар – 3%.
  5. Кредиттік серіктестіктер –28%.
  6. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар – 26%.

Биылға қарастырылған 700 млрд теңге жеңілдетілген кредит осы 6 тарату арнасы арқылы беріледі.