Несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша қозғалған қылмыстардың 30 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша қозғалған 121 қылмыстық істің 36-сы ауыл шаруашылығы саласындағы заңсыздықтар бойынша қозғалды.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М.Жұманбайдың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында несиелер мен субсидияларды заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану қылмыстары мемлекетке 1 миллиард 302 миллион теңге көлемінде залал келтірген және бұл заңсыз алынып, мақсатсыз пайдаланылған несие қаражаттарының жалпы сомасының 5 млрд. 850 млн.теңгесін немесе 22 пайызын құрайды.

Қаржы полициясы органдары ауыл шаруашылығына бөлінген мемлекеттік несиелерді мақсатсыз пайдаланудың көптеген фактілерін анықтаған. Мысалы, Ақмола облысындағы «Дәулет» ауылшаруашылық тұтыну кооперативі көкөніс өсіруге арналған арнайы техниканы сатып алу сылтауымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 118 миллион теңге көлемінде несие алып, оны мақсатсыз жұмсаған. Аталмыш факті бойынша кәсіпорын директорына іздеу жарияланды.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, аталмыш санаттығы қылмыстардың басым бөлігін мемлекеттік несиелер мен субсидияларды жалған құжаттар тапсыру арқылы заңсыз алу фактілері құрайды. «Кепілзат ретінде шын мәнінде жоқ мүліктің құжаттарын тапсыру - осындай қылмыстардың кең тараған әдістерінің бірі», - дейді ол.

Мұндай заңсыздық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғандардың арасында Солтүстік Қазақстан облысындағы «Турайа» ЖШС-ның директоры да бар. Ол басқа кәсіпорындармен жалған келісімшарттарға отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан 17,5 миллион теңгеден астам заем алған.

Сондай-ақ М.Жұманбайдың айтуынша, бір кепілзат мүлікті көрсету арқылы қатарынан бірнеше банктен несие алған қаскүнемдер де бар. Сонымен бірге, кепілзат мүліктің саны мен сапасы туралы жалған ақпарат беру арқылы несие алу - кең тараған заңсыздықтардың қатарынан орын алып отыр.