Несіпбек Айтұлы: Алмағайып заманда Президентті сайлап, іргені бекітіп отырған дұрыс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алмағайып заманда Президентімізді сайлап, етек-жеңімізді жинап, іргемізді бекітіп отырғанымыз дұрыс. 9 маусымда өтетін Президент сайлауына қатысты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша, бұл - дұрыс шешім. Алмағайып заманда Президентімізді сайлап, етек-жеңімізді жинап, іргемізді бекітіп отырғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, Елбасы өкілеттігін тоқтатқаннан кейін халықтың көңілі алаңдаулы. Не болады, кім келеді деген сұрақтар жоқ емес. Сол себепті, ел аман, жұрт тынышта сайлау өткізіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығару керек», - дейді Несіпбек Айтұлы.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы бүгін республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.