Нетаньяху Дохаға не үшін соққы жасағанын айтты

Фото: x.com / @IsraeliPM

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі ХАМАС басшылығына жасалған соққыны терроризмге қарсы күрес үшін амалсыздан барған қадам деп бағалады. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі хабарлады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сейсенбі күні Қатар астанасы Дохадағы палестиналық ХАМАС тобының штаб-пәтеріне не үшін соққы жасалғанын түсіндірді.

Ол бұл операцияның 6 адам көз жұмған Иерусалим қаласына жасалған теракт пен Газа секторында 4 әскери қызметші мерт болған Израил танкісіне жасалған шабуылдан кейін қолға алынған қадам болғанын жеткізді.

Бұл туралы Израиль премьер-министрінің кеңсесі таратқан мәлімдемеде айтылған.

Қорғаныс министрі Исраэль Кацпен бірге ол осы шабуылдардың артында ХАМАС тұрғанын және олар Израиль азаматтарын өлтіруді жоспарлауын жалғастырып келе  жатқанын мәлімдеді.

Израиль армиясы хабарлағандай, операцияға оннан астам ұшақ қатысып, Дохадағы ХАМАС басшылығы орналасқан ғимаратқа оннан аса дәл соққы жасады. Ұзақ қашықтықтағы миссияны орындау үшін бірнеше рет ұшақтардың жанармайын толтыру қажет болды.

ЦАХАЛ соққы бергенге дейін азаматтарға келетін зиянды азайту шараларын қабылдағанын, соның ішінде жоғары дәлдіктегі қару қолданылғанын және қосымша барлау мәліметтері жиналғанын атап өтті.

БАҚ хабарлағандай, Ақ үй Израильдің жоспарланған шабуылы туралы АҚШ-ты алдын ала хабарлағанын растады. Америкалық ресми тұлғалар Қатарды Вашингтонның негізгі одақтасы және АҚШ-тың ірі әскери базасының орналасқан орны ретінде атап өтті.

Израильде операция үлкен саяси резонанс тудырды. Оппозиция лидері Яир Лапид армия мен арнайы қызметтерді жауға қарсы жүргізген тамаша операция үшін құттықтады. «Ұлттық бірлік» партиясының лидері Бенни Ганц саяси жетекшілік дұрыс шешім қабылдады деп атап өтіп, Израиль ХАМАС террористерін әрдайым және кез келген жерде қуып жүруі тиіс екенін айтты.

— «Еврей қанынан арзан нәрсе жоқ. 7 қазандағы қырғынды ұйымдастырғандарға шабуыл жасау шешімі тарихи қадам болды», — деді Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир.

Қаржы министрі Бецалель Смотрич террористер Израильдің ұзын құрығынан құтыла алмайтынын айтты.

Осыған дейін Израильдің Доха шабуылы үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алғаны туралы жаздық.