Нетаньяху Иранға қарсы соққыларды күшейтуді бұйырды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тегераннан келген таңғы ракеталық шабуылдан кейін Израиль армиясына Иранға қарсы соққыларды күшейту жөнінде бұйрық берді, деп хабарлайды Анадолы

Әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде Нетаньяху Иранның Тель-Авив пен оның маңайындағы бірнеше нысанға бағытталған қарымта шабуылына қатысты пікір білдірді.

Ол Иран басшылығына сес көрсетіп, «Хаменеи бұл әрекеттері үшін жауап береді» деп мәлімдеді.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац та әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, қатты сын айтты.

Кац таңертеңгі Иран шабуылын «соғыс қылмысы» деп атап, Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи орын алған оқиға үшін жауапкершілікке тартылады деді. Ол Нетаньяхумен бірге армияға Иранға қарсы әскери операцияларды күшейту туралы бұйрық бергенін жеткізді.

Иран Израильге жауап ретінде ракеталық соққы жасады

Таңертең Иран Израиль аумағына ракеталық соққы берді.

Хабарламаларға сәйкес, зымырандар Тель-Авив, Рамат-Ган, Холон қалаларындағы және оңтүстіктегі Беэр-Шева (Бірюссеби) қаласындағы бірнеше нысанды қиратқан.

Ирандық зымырандардың бірі Беэр-Шевадағы «Сорока» ауруханасына тигені де айтылып жатыр.

Қақтығыс Израильдің Иранға жаппай шабуылынан басталды

13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарына және елдің әскери басшылығы орналасқан аймақтарға жаппай әуе соққысын бастады.

Аталған шабуылдардың салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының бас қолбасшысы, бірқатар жоғары лауазымды әскери тұлғалар және ядролық зерттеулермен айналысқан тоғыз маман қаза тапты. Жалпы, 13 маусымнан бері Иранда кемінде 585 адам қаза тауып, 1300-ден астам адам жараланған.

Жауап ретінде Иран баллистикалық зымырандармен Израиль аумағына соққы жасады. Ресми мәлімет бойынша, бұл шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астам адам жараланған.

Түркия да қоса алғанда, бірқатар мемлекеттер Израильдің әрекетін қатаң айыптады. 

Айта кетелік Макрон Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын дереу тоқтатуға шақырған еді