Нетаньяху Иранның тізе бүгуіне аз қалғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Сириядағы Израиль әскері орналасқан позицияларға барып, Тегеранмен жалғасып жатқан текетіреске қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Израиль премьер-министрінің кеңсесі

Израиль үкіметінің басшысы сәрсенбі күні қорғаныс министрі Исраэль Кац және Қорғаныс армиясы Бас штабы бастығының орынбасары Тамир Ядаимен бірге Хермон тауының Сирия аумағындағы бөлігіне барды.

Сапар барысында Нетаньяху Израильдің қазіргі Иран басшылығын жеңуіне аз қалғанын айтты. Бұл туралы Израиль премьер-министрі кеңсесінің ресми аккаунтында хабарланды.

— Алда әлі атқаратын жұмысымыз бар. Басты міндет – Ирандағы террористік режимді талқандау, оған өте аз қалды. Ақыр соңында Иран бастаған бүкіл күш біртұтас жүйе ретінде күйрейді», – деді Нетаньяху.

Израиль басшысы ел шекарасына жақын аумақта террористік ұйым деп танитын қарулы күштердің орналасуына жол бермейтінін мәлімдеді.

Премьер-министр кеңсесінің хабарлауынша, Нетаньяху Сирия аумағына қарайтын Израиль әскери бекетіне барған. Әскери қолбасшылық оған өңірдегі жедел жағдай туралы баяндады.

— Біз Хермон шыңынан Ярмук өзеніне дейінгі, осы жерден Жерорта теңізіне дейінгі бүкіл аумақты бақылауда ұстап отырмыз, — деді Нетаньяху.

Сирия Сыртқы істер министрлігі Израиль премьер-министрінің сапарын қатаң сынға алып, оны ел аумағына заңсыз кіру деп бағалады.

— Бұл – арандатушылық әрекет әрі Сирия Араб Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу, – делінген Сирия Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

2024 жылғы желтоқсанда Башар Асад үкіметі құлағаннан кейін Израиль әскерилері бұған дейін БҰҰ бақылауындағы буферлік аймаққа әскер кіргізді. Бұл аумақ 1974 жылдан бері Израиль басып алған Голан жоталары маңында Сирия мен Израиль күштерін бөліп тұрған.

Содан бері Израиль Сириядағы нысандарға жүздеген соққы жасап, ел аумағында бірнеше мәрте жерүсті операциясын өткізді.

Израиль билігінің мәлімдеуінше, әскерилер өздері құрған қауіпсіздік аймағында қалады. Ал Сирияның оңтүстігіндегі оған іргелес аудандар қарусыздануға тиіс.

Бұған дейін Израиль әскерінің Сирияның оңтүстігіндегі провинцияға оқ атқаны туралы хабарлаған едік.

Ақзат Жиеналина