Нетаньяху: Израиль әскері алдағы бірнеше күнде Газаға «толық күшпен» кіреді
АСТАНА.KAZINFORM — Биньямин Нетаньяху сейсенбі күні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) «операцияны толық аяқтап, ХАМАС-ты жоймайынша тоқтамайтынын» мәлімдеді, деп хабарлайды Еuronews.
— Алдағы күндері біз операцияны аяқтап, ХАМАС-ты талқандау үшін Газа секторына толық күшпен кіреміз. Біз соғысты тоқтататын жағдай болмайды. Уақытша бітім болуы мүмкін [кепілге алынғандарды босату мақсатында], бірақ біз соңына дейін барамыз, — деп мәлімдеді сейсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Сондай-ақ Нетаньяху Газадан халықтың бір бөлігін басқа елдерге көшіру мәселесін де қозғады. Бұл ұсынысты жыл басында Дональд Трамп айтқан болатын, алайда оны араб елдері мен халықаралық қауымдастықтың едәуір бөлігі бірден қабылдамай тастаған еді.
— Біз оларға көшуге мүмкіндік беретін әкімшілік құрдық, бірақ мәселе бір-ақ нәрсеге тіреледі: бізге оларды қабылдауға дайын елдер керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Егер біз оларға көшу мүмкіндігін ұсынсақ, менің ойымша, 50 пайыздан астамы кетеді, тіпті бұдан да көбі. Бірақ ХАМАС ол жерде (Газада) енді болмайды, — деді Нетаньяху.
Бұған дейін осы айда Израиль Газа секторының бүкіл аумағын басып алып, оны белгісіз мерзімге оккупациялау жоспарын бекіткен болатын. Бұл 18 наурызда екі айлық бітімнен кейін әскери іс-қимылдарды қайта бастағаннан соң жарияланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нетаньяху Израильдің АҚШ-тың әскери көмегінен бас тартуы мүмкін екенін де мәлімдеген еді.