Нетаньяху: Израиль Газаға қатысты дипломатияға дайын, бірақ күш қолдануға да әзір

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Газа секторындағы қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеуге келіседі. Бұл туралы премьер-министр Биньямин Нетаньяху АҚШ-қа сапары барысында мәлімдеді. Израиль халқына жолдаған бейнеүндеуді ел премьері кеңсесі жариялады, деп ТАСС агенттігі.

Нетаньяху Израиль анклавта 60 күндік атысты тоқтатуға келісетінін, бірақ ХАМАС радикалды палестиналық қозғалысын биліктен аластатып, секторды толығымен қарусыздандыруды талап ететінін атап өтті.

— Егер дипломатия нәтиже бермесе, Израиль бұл мақсатқа әскери жолмен жетуге ниетті, — деді премьер.

Ол 9 шілдеде АҚШ-та Газадағы тұтқындардың туыстарымен кездесуде осы ұстанымды жеткізгенін айтты.

— Біз барлық (ұрланған) азаматтарымызды қайтаруға бел будық. Біз қазір тірі және қаза тапқан тұтқындардың жартысын қайтаруға тырысып жатырмыз, ал бұл үшін 60 күндік атысты тоқтату ұсынылды. Осы уақытша бітімнің басында соғысты біржола тоқтату туралы келіссөздер басталады. Мұны іске асыру үшін біз ұсынған негізгі шарттар орындалуы керек: ХАМАС қару-жарағын тастайды, Газа қарусыздандырылады, бұл жерде ХАМАС-тың басқару не әскери әлеуеті қалмауы тиіс. Бұл — біздің негізгі талабымыз. Егер мұны келіссөз арқылы іске асыру мүмкін болса — құптарлық. Егер 60 күн ішінде бұл нәтижеге қол жеткізілмесе, онда біз бұған басқа жолмен — батыр армиямыздың күшімен жетеміз, — деді премьер-министр. 

Ол мұндай тәсілді жақында АҚШ та қолданғанын еске салды: Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге 60 күн бөлініп, 13 маусымда Израиль Иранға қарсы 12 күндік әскери операция бастаған.

— Біз Иран мен оның ядролық қауіп-қатеріне қатысты да дәл осылай айтқан едік. Менің ойымша, біз өз шешімімізді, күшімізді және барлық мақсаттарымызға қол жеткізуге деген табандылығымызды көрсеттік. Тағы да айтамын: егер ХАМАС-ты қарусыздандыру мен оның әлеуетін жою келіссөздер арқылы жүзеге асса — жақсы. Бірақ кез келген жағдайда бұл орындалады, — деді Нетаньяху.

Бұған дейін Нетаньяху Израиль егемен Палестина мемлекетінің құрылуына келіспейтінін мәлімдеген болатын.