Нетаньяху Макронның Израильге қару-жарақ жеткізуді тоқтату туралы үндеуін айыптады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы шайқаста қолданылатын қару-жарақты Израильге бермеуге шақырған Франция президенті Эмманюэль Макронды сынға алды.
Франция президенті Эмманюэль Макрон сенбі күні Израильге қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға, Газадағы бір жылға жуық уақытқа созылған соғысты «саяси жолмен шешуге» шақырды.
«Менің ойымша, бүгінде Газа секторындағы соғыс қимылдарын жүргізу үшін қару-жарақ жеткізуді тоқтату арқылы саяси шешімге оралу басымдық болмақ», - деді Макрон France Inter телеарнасына берген сұхбатында.
Ол өз сөзінде Франция Израильге ешқандай қару-жарақ жеткізбейтінін атап өтті.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Франция президенті Макронды сынап, оның үндеуін «ұят» деп атады.
«Бүгінде Израиль жеті майданда өркениет жауларынан қорғануда. Израиль Иран бастаған айуандық күштермен күресіп жатқан кезде, барлық өркениетті елдер Израиль жағында берік тұруы керек. Алайда президент Макрон және басқа да Батыс көшбасшылары қазір Израильге қару эмбаргосын енгізуге шақыруда. Олардың бұл сөзі ұят», - деді Нетаньяху.
Нетаньяху Израильдің «олардың қолдауымен немесе қолдауынсыз» жеңіске жететініне уәде берді.
Нетаньяхудың мәлімдемесінен кейін Елисей сарайы Макронның «Израильдің қауіпсіздігін қолдайтынын және мұны көрсететінін» баса айтты.