Нетаньяху Трамппен кездесуінде баж салығын жеңілдетуге тырыспақ
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінде баж салығын жеңілдетуге күш салмақ. Сонымен қатар күн тәртібінде израильдік тұтқындар, тарифтер мен Газа секторындағы соғыс болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтондағы кездесу қорытындысынан кейін Израильге қарсы салынатын баж салығын жеңілдетеді деп үміттенетінін айтты.
Трамп жария еткен кең ауқымды жаңа тариф саясаты аясында израильдік тауарларға АҚШ 17 пайыз баж салығын салмақ.
Құрама Штаттар Израильдің сенімді одақтасы әрі ірі сауда серіктесі саналады.
Жексенбі күні соңғы бірнеше күн Мажарстанда сапарда болған Нетаньяху Вашингтонға ұшып келді және бүгін Трамппен кездесу өткізеді.
Израиль премьер-министрі келіссөздер соғыстың 18 айынан кейін де Газа секторында әлі тұтқында отырған израильдіктерге, Палестина анклавында жеңіске жетуге және Израильге қатысты тариф режимі талқылауға қатысты болатынын айтты.
Нетаньяху кеңсесі «Израиль-Түркия қарым-қатынасы, Иран қаупі және Халықаралық қылмыстық сотпен текетірес» те күн тәртібінде болатынын хабарлады.
— Мен бұл мәселеде көмек бере аламын деп үміттенемін. Осындай ниет бар. Мен Израиль экономикасы үшін де өте маңызды осынау мәселе бойынша президент Трамппен кездесетін алғашқы халықаралық көшбасшымын, бірінші шетелдік көшбасшымын. Мұны өз экономикаларына қатысты жасағысы келетін бірқатар көшбасшы бар. Меніңше, бұл ерекше жеке байланысты, сонымен қатар қазіргі уақытта аса маңызды АҚШ пен Израиль арасындағы ерекше байланысты көрсетеді, — деді Нетаньяху.
Израиль премьер-министрі Вашингтонға келген бетте Блэр үйінде АҚШ-тың Сауда министрі Говард Лютникпен және Сауда өкілі Джеймисон Грирмен кездесіп үлгерді. Нетаньяху кеңсесінің мәліметінше, кездесу «жылы әрі нәтижелі» болды.
Reuters анонимді дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп күтпеген шақыруды 4 сәуірде Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескенде, Израиль басшысы тарифтер мәселесін көтерген кезде жасаған.
Израиль Трамп әкімшілігінің жаңа тарифтерін күте отырып, 1 сәуірде АҚШ импортына қатысты қалған баж салығын алып тастаған еді. Екі ел 40 жыл бұрын еркін сауда туралы келісімге қол қойған және енді АҚШ тауарларының шамамен 98 пайызына салық салынбайды.
Израильдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израильдің мемлекеттік «Сион қанаты» ұшағы Будапешттен Вашингтонға дейінгі аралықты шамамен 400 шақырымға ұзартатын бағытпен ұшып келген. Бұл ұшақ шұғыл қонуға мәжбүр болған жағдайда Халықаралық қылмыстық соттың қамауға алу ордерін орындауы мүмкін деп есептелетін елдердің үстінен ұшудан аулақ болу үшін жасалған.
Израиль Газадағы болжамды әскери қылмыстар үшін Халықаралық қылмыстық сот берген ордерді Ирландия, Исландия және Нидерланды орындауы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан Нетаньяху ұшағы Хорватия, Италия және Франция әуесімен ұшып өтті. Премьер-министр мінген Израиль ұшағы тұтқынға алыну қаупін болдырмау үшін балама бағыттарды ұстанғаны бірінші рет емес екені де айтылады.