Netflix Warner Bros-ты 82,7 млрд долларға сатып алады

Фото: inventure.com.ua

АСТАНА. KAZINFORM — Netflix компаниясы Warner Bros-ты 82,7 млрд долларға сатып алатынын жариялады. Осылайша ең ірі стриминг сервисі «Касабланка», «Гарри Поттер» франшизасы сияқты фильмдерді түсірген әйгілі студиямен бірігеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.

Netflix Warner Bros. компаниясының әр акциясын 27,75 доллардан сатып алмақ. Осы бағамен барлық акцияларды сатып алғандағы жалпы сома — 72 млрд доллар. Оның жалпы нарықтық құны 82,7 млрд доллар болып есептеледі.

Келісім Warner Bros. Discovery 2026 жылдың үшінші тоқсанында өздерінің Discovery Global тележелілер бөлімін бөлек шығарып алған соң, 12–18 ай ішінде аяқталады деп күтіліп отыр.

Warner Bros. студияларын сатып алу Netflix үшін маңызды стратегиялык қадам болмақ. Ұсынылып отырған келісім аясында стриминг алпауыты Warner Bros. студиясының фильм шығару жөніндегі барлық шарттық міндеттемелерін орындауға міндеттенді.

Инвесторлармен кездесуде Netflix басшылары бұл келісім компанияға көбірек жазылушы тартуға әрі акционерлерге пайда әкелуге көмектесетінін айтты.

— Біз жазылушылар санын арттырамыз және оларды ұстап қаламыз деп үміттенеміз, сондай-ақ табыс пен операциялық кірісті көбейтеміз. Бұл біздің бизнестің келешек онжылдықтардағы дамуын жеделдетеді деп ойлаймыз, — деді компанияның тең құрылтайшысы Грег Питерс.

Аналитиктердің пікірінше, Netflix Warner Bros-тың кең ауқымды стримингтік және фильмдік контентінің қосылуынан айтарлықтай пайда көрмек.

Жазда мәміле туралы қауесеттер тарағаннан бері бағасы екі еседен аса өскен Warner Bros. акциялары АҚШ-та сауда басталар алдында айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал Netflix акциялары 2,85 долларға немесе 2,8%-ға төмендеп, 100,50 долларды құрады.

Бұған дейін HBO, CNN және өзге стриминг сервистері мен студиялардың иесі Warner Bros. Discovery өзін сатуға шығаратыны хабарланған болатын. Компания активтеріне Comcast және Paramount Global қызығушылық танытқан еді.