«Невада-Семей» қозғалысы халқымыздың рухын қайта көтерді ? Мұрат Әуезов

АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 20 жыл бұрын дүниеге келген «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы халқымыздың рухын қайта көтерді. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «ХХІ – ядросыз ғасыр» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мен «Невада-Семей» қозғалысының барлық шараларына белсене қатысуға тырыстым. Қозғалыстың қалыптасуына біраз септігім тиді. 1989 жылы АҚШ-қа барып ядролық сынақ полигонынан зардап шегіп жатқан халықтың ахуалы туралы түсірілген киноны көрсетіп, сол елдің батысынан шығысына дейін аралап шықты. Жалпы «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының маңызы өте зор», дейді мәдениетанушы, көрнекті қоғам қайраткері Мұрат Әуезов. Оның айтуынша, еліміздегі көптеген партиялар мен ұйымдардың тамыры «Невада-Семей» қозғалысына барып тіреледі. Осы күнгі жағдайда оның тәжірибесін біз міндетті түрде сақтауымыз керек. «Бізде әлі де шешімін таппаған күрделі мәселелер аз емес. Мәселен, жапондар кезінде Хиросиманы жаңғырту мәселесін ұлттық идея ретінде көтерді. Егер біз де өз еліміздегі ядролық сынақ алаңдарын жаңғыртып, халыққа демеу жасауды ұлттық идеяға ұштастырсақ, ол қазақтың ынтымағын үлкен күшке айналдырар еді. Қоғам, билік пен әрбір азамат ынтымақты болса ешқандай дағдарыс бізге қауіпті емес», деген М.Әуезов ядролық жарылыстар алдағы уақытта да әлемдік ауқымдағы үлкен трагедия болып қала беретінін айтады.