Ниццада француздық арнайы жасақ қателесіп, 80-дегі қарияның үйін бұзып кірген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ниццада француздық арнайы жасақ қателесіп, 80-дегі қарттың үйін бұзып кірген, деп хабарлайды Nice-Matin басылымы.

Оқиға 84 адамның өмірін жалмаған Ницца жағалауындағы лаңкестік шабуылды тергеу барысында болған. Полиция жүк көлігін басқарған жігіттің бірнеше танысын қолға түсіру үшін арнайы мақсаттағы бөлімшенің күшімен операция ұйымдастырған.

Таңғы 6 шамасында олар бытырамамен үйдің есігін құлпы тұратын тұсынан атып, артынша бұзып кірген. Одан кейін жатын бөлменің есігін де дәл солай қиратып ашқан. Алайда алдарынан бойын үрей билеген кәрі шал мен кемпір шыққанда ғана, қателескендерін түсінген.

«Олар үйді қиратып тастады, есікті сындырды», - дейді 80 жастағы отағасы Пьер Капюто. Ал зайыбы, 82 жастағы Франсуаз болса, бұл оқиғаға қатты ызалы.

Айта кетейік, арнайы жасақ одан соң әлгі пәтерді тауып, өздеріне керекті адамды қолға түсірді.