Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Франциядағы Қазақстан елшілігінің көмегімен қаза тапқан Панченко отбасы мүшелерінің денесі Ницца қаласынан 20 шілде күні жіберіледі. Павлодар қаласына 21 шілде күні жетеді деп күтіліп отыр. Мәйіттерді тасымалдауға кеткен шығынды Франция тарабы өз мойнына алды», - деп хабарлады Ә.Жайнақов.
Естеріңізге сала кетейік, Ницца терактісінде Қазақстанның Павлодар қаласында тұратын 60 жастағы Любовь Панченко, жұмыс және оқу бабымен Францияда тұрған 32 жастағы қызы Марина Панченко және екі жасар жиені Сильвия қаза тапты. Любовь Панченко мен оның күйеуі Леонид Панченко қызының шақыруы бойынша, Францияға демалуға барған.
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Илья Теренченконың айтуынша, Марина - оның сыныптасы екен. «Біз №30 мектепте бірген оқыдық. Үлгілі отбасынан шыққан ақылды, сұлу, мейірімді қыз еді. 90 жылдары Леонид пен Любовь Панченколар отбасын асырау үшін тынымсыз еңбек етті. Шетелге барып тауар әкелді, жеке кәсіпкерлік құрды, Марина ата-анасына көмектесті. Олар орташа дәулетті отбасы болды, бірақ қыздарына жоғары білім беру үшін аянып қалған жоқ. Олар туралы көпшілік жақсы пікірлер айтуда, ешкімді ренжітпеген мейірімді, парасатты жандар еді. 90 жылдары Панченко шаңырағында орны толмас қаза болды - үлкен ұлдары Сергей жұмбақ жағдайда қаза тапты. Марина жалғыз бала болса да, еңбекқор, шаруаға мығым болып өсті»,-деп еске алған ол.