Нидерланд АҚШ пен Канададағы алтын қорының бір бөлігін шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтың Орталық банкі (DNB) геосаяси тұрақсыздықтың күшеюіне байланысты алтын қорының 86 тоннасын АҚШ пен Канададан Лондонға көшіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Фото: Pixabay.com

Бұл шешім АҚШ пен Канада арасындағы жалғасып жатқан сауда дауы аясында қабылданды. Сауда келіссөздері нәтижесіз аяқталғаннан кейін екі ел бір-біріне жаңа баж салығын енгізетінін жариялаған болатын.

Банктің мәліметінше, Лондонда сақталған алтын қорын Нью-Йорк пен Оттавадағы қорларға қарағанда сату оңайырақ.

— Бұл қадам алтын қорын пайдалану мүмкіндігімізді арттырды. Алтын қорын ешқашан пайдалануға тура келмейді деп үміттенеміз. Дегенмен бұл біздің тұрақтылығымыз бен кез келген жағдайға дайындық деңгейімізді күшейту үшін қажет, — деді DNB президенті Олаф Слейпен.

DNB мәліметінше, Нидерландтың 2025 жылдың соңындағы жалпы алтын қоры 612,4 тоннаны құрап, оның құны 72,2 млрд еуроға (83,7 млрд доллар) бағаланған.

Алтын қорын қайта орналастыру басталғанға дейін Нидерланд банкі алтын қорының 31,3%-ын Нью-Йоркте, 19,7%-ын Оттавада сақтаған. Қазір бұл көрсеткіш екі елде де 18,5%-ға дейін төмендеді. Ал Лондонда сақталатын алтынның үлесі 18,1%-дан 32,1%-ға дейін өсті. Сонымен қатар банк алтын қорының 30,8%-ын Нидерландта сақтап отыр.

DNB мәліметінше, алтынды тасымалдау жұмыстары 2026 жылғы наурыз бен тамыз аралығында жүргізілген. 27 тонна алтын құймасы Нью-Йорк пен Оттавадан Нидерландтың Зейст қаласына жеткізілді.

Атлант мұхиты арқылы мұнша көлемдегі алтынды тасымалдаудың нақты тәсілі әзірге жарияланған жоқ.

Алтын қорының қалған бөлігі Нью-Йоркте сатылып, кейін Лондонда қайта сатып алу арқылы ауыстырылған.

Бұған дейін елімізде бір грамм алтын қанша тұратынын жазған болатынбыз.