Нидерланд алғаш рет Израильді ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ел деп таныды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерланд лаңкестікке қарсы агенттігінің баяндамасында Израиль мен АҚШ қауіп-қатер төндіретін елдер аталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Нидерланд тарихында алғаш рет Израильді ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін елдер тізіміне қосты. Бұл туралы Әділет және қауіпсіздік министрлігі жанындағы Қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы ұлттық үйлестіруші (NCTV) — елдің лаңкестікпен күрес жөніндегі бас агенттігі баяндамасында хабарланды. 

Баяндама «Шетелдік мемлекеттер тарапынан қауіп-қатерді бағалау» деп аталады, онда Израиль мен АҚШ әрекеттері Нидерланд қауіпсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіруі мүмкін елдер ретінде аталды.

Атап айтқанда, Израиль ел билігінің келісімінсіз Нидерланд азаматтарының жеке деректері бар құжаттарды таратып, жалған ақпарат тарату науқандарын қолданып елдегі қоғамдық пікір мен саяси шешімдерге ықпал етуге әрекеттенген делінеді.

«Маккаби» жанкүйерлері 

Баяндамаға сәйкес, 2024 жылдың қарашасында Амстердамда «Маккаби Тель-Авив» клубының жанкүйерлері тудырған тәртіпсіздіктерден кейін Израиль билігі голландиялық тілшілер мен шенеуніктерге Нидерланд азаматтарының жеке деректері бар материалдарды таратқан. Бұл әділет және қауіпсіздік министрліктерінде, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінде алаңдаушылық тудырды. Олар зардап шеккендерге қатысты қудалау, қорқыту және тіпті ықтимал зорлық-зомбылық қаупі туралы ескертті.

Аумағында Халықаралық сот пен БҰҰ Халықаралық сотын қоса алғанда халықаралық сот органдары орналасқан Нидерланд олардың тәуелсіздігі мен үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін өзінің ерекше жауапкершілігін атап көрсетеді. 

Бақылаушылардың атап өтуінше, бұл баяндама бірнеше еуропалық ел, соның ішінде Нидерланд, Ирландия және Испанияның Газа секторындағы жалғасып жатқан әскери операцияға және сектордағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты Израильді сынауының күшеюі тұсында жасалған.

«Нон грата» министрлері

Голландиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Нидерланд билігі Израиль үкіметінің мүшелері — Қаржы министрі Бецалель Смотрич пен Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвирдің елге кіруіне тыйым салған. 

Algemeen Dagblad газетінің мәліметінше, Нидерландтың сыртқы істер министрі Каспер Вальдекамп парламентке хат жолдап, онда бұл тыйым екі израильдік саясаткердің де «тұрғындарды Палестина халқына қарсы бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсетуге шақыруы және… Газада этникалық тазалауды талап етуіне» байланысты екенін атап өтті. 

— Маған бүкіл Еуропада тыйым салынса да, мен еліміз үшін күресуді, ХАМАС-ты жойып, жауынгерлерімізді қолдауды жалғастырамын. Біздің жауларымыз — қатыгез өлтірушілер мен зорлаушылар, бірақ Еуропада өзін қорғаған адам кінәлі. Олар сол жерде лаңкестерді қабылдайды, бірақ еврей министрін — жоқ, — деп жазды Бен-Гвир Нидерланд шешіміне жауап ретінде X-тегі платформасында.

Кіруге тыйым салу туралы шешім Нидерланд премьер-министрі Дик Схоф ел Израильдің ғылыми жобаларын қаржыландыруды ішінара тоқтату туралы ЕО бастамасын қолдаумен қатар, Израильге қарсы ұлттық шаралар енгізуді қарастырып жатқанын мәлімдегеннен кейін көп ұзамай қабылданды.

Бұған дейін Газа секторына жасалған Израиль соққыларынан 30-дан астам адам қаза тапқанын жазғанбыз.