Нидерланд билігі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Нидерланд билігі TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік желілерді 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге пайдалануға тыйым салуды, смартфон алдында өткізетін уақытты қатты шектеуді, сондай-ақ балалар бөлмесінде экранды құрылғыларды қолдануға тыйым салуды ұсынады, деп жазды Euronews.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, әлеуметтік желілерде үнемі уақыт өткізу психологиялық және физиологиялық мәселелерге әкеледі. Олардың ішінде ұйқының бұзылуы, депрессия, үрей (паникалық шабуылдар) сияқты проблемалар бар. Бұл тұжырымды Нидерланд парламентінің сарапшылар тобы да растады.
2024 жылдың ақпан айында Нидерланд королевасы Максима да осы мәселеге тоқталып, кенже қызы Ариананың көру қабілетінің нашарлауына смартфон алдында көп уақыт өткізуі себеп болғанын айтқан.
TikTok пен Instagram қазірдің өзінде пайдаланушылардан кем дегенде 13 жаста болуын талап етеді. Алайда нидерландтық дәрігерлер бұл жасты тек қарапайым мессенджерлер (мысалы, WhatsApp немесе Signal) секілді әлеуметтік функциясы шектеулі платформаларды қолдану үшін ғана жарамды деп есептейді.
Нидерланд мектептерінде смартфон қолдануға тыйым салынған, бірақ жаңа ұсыныстар әзірге заңды күші бар шектеулер емес.
Бірқатар Еуропа елдері де осыған ұқсас заң жобаларын талқылап жатыр. Кейбір мемлекеттерде жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде аккаунт ашу үшін ата-ананың рұқсаты талап етіледі.
Әзірге әлеуметтік желілерді жасөспірімдерге толығымен тыйым салған жалғыз ел — Аустралия. Ондағы жаңа заң 2024 жылдың қараша айында күшіне енеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу бастамасын жариялаған еді.