АСТАНА. ҚазАқпарат – Нидерланд мектептерінде мобильді телефонға тыйым салынады. Портативті техника голландиялық оқушылардың үлгеріміне зиянды деп тапқан. Бұл туралы ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Нидерланд мектептерінде мобильді телефон пайдалануға тыйым салу енгізіле бастады. Елдің білім министрлігі түсіндіргендей, бұл шара балалардың сабақтан басқа нәрсеге алаңдамауына септігін тигізеді. Оқу мекемелері үкіметтің бастамасына қолдау білдіріп, шектеуге келісім берген.
«Біз заң жүзінде тыйым салмаймыз. Бұл талаптың әсері қандай болатынын мұқият байқап көрмекпіз. Әрине, қашанда заңды шектеулерді енгізуге болады. Бірақ, менің ойымша, біз өзара келісімге келе аламыз», - дейді Нидерланд білім министрі Роберт Дейкграаф.
Алайда, оқушылардың көбі бұл идеяны қуана қабылдап жатқан жоқ. Олар телефонның қажеттігін алға тартады.
Мектептерде мобильді телефондар, планшеттер мен «ақылды сағаттарды» пайдалануға тыйым салу 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Нақты шектеулер мұғалімдермен, балалармен және олардың ата-аналарымен де келісе отырып енгізіледі деп жоспарланған.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.