Нидерландыда көлік жүргізіп отырып телефон қолданғаны үшін айыппұл көлемі артты

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Нидерландыда жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл орта есеппен 4%-ға өседі, деп хабарлайды BILD.

BILD жазуынша, ең қымбаттаған айыппұл — рульде арнайы hands-free құрылғысынсыз телефон қолдану. Енді бұл заң бұзу үшін 440 еуро төлеуге тура келеді.

Жылдамдықты аздап асырудың өзі қымбатқа түседі: қала ішінде жылдамдықты 5 км/сағ-қа арттыру — 46 еуро, автобанда 20 км/сағ-қа асыру — 229 еуро. Қызыл түске өтіп кету кемінде 320 еуроға бағаланады. Рұқсат етілмеген жерге көлік қойғаны үшін айыппұл 130 еуродан басталады, ал мүгедектерге арналған орынға заңсыз тұрақтағаны үшін 400 еуро айыппұл салынады.

Сондай-ақ агрессивті жүргізу қатаң жазаланады: оң жақтан басып озу — 320 еуро, көліктер арасындағы арақашықтықты тым қысқарту — 380 еуроға дейін.

Бұған қоса, айыппұл төлеуден жалтару мүмкін емес: Нидерландыда салынған айыппұл шетелде де өндіріліп алынады, ал төлем мерзімі өтіп кетсе, сома тез өседі.

Бұған дейін Жетісу облысында 1 миллион теңгеден асатын айыппұлы бар жүргізуші ұсталған еді.