Нидерландта газ қорлары тарихи минимумға дейін жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтағы газ қоймалары тек 11 пайызға ғана толған. Бұған дейін мұндай төмен көрсеткіш ешқашан тіркелген емес, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Gasunie компаниясының өкілі NU.nl басылымына берген сұхбатында қазіргі уақытта газ қорлары тарихи төмен деңгейге түскенін растаған.
AGSI мәліметтері бойынша, басқа Еуропа елдерінде газ қоймалары шамамен 30 пайызға ғана толтырылған көрінеді.
Gasunie компаниясы мәлім еткендей, қазіргі кезде газ нарығында жағдай тұрақты.
— Газ тұрақты түрде жеткізіліп отыр, ал бағалар, тіпті, сәл төмендеп келеді, — дейді компания өкілі.
Газ Нидерландқа әртүрлі маршруттар арқылы жеткізіледі. Бұл ретте ел өз газын өндіруді жалғастырып отыр.
Сонымен қатар, газ Бельгия мен Франция арқылы тасымалданады. Бұған қоса, сұйытылған табиғи газ теңіз жолымен тұрақты түрде жеткізіледі, оның ішінде АҚШ пен Таяу Шығыс елдерінен.
Осыған дейін Нидерландта тұрғын үй бағалары қаңтар айында рекордтық көрсеткішке жеткенін жазғанбыз.