Нидерландта жүргізушісіз автобус алғаш рет Роттердам әуежайына қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM — 1 тамыздан бастап Роттердам қаласының жолдарында алғаш рет автономды автобус жүреді, деп хабарлайды Еuronews.
Нидерландта жүргізушісіз автобус алғашқы сапарына дайын. 1 тамыздан бастап жолаушылар бұл көлікпен Роттердам-Гаага әуежайына жете алады.
Өткен аптада автономды автобус алғаш рет жолға шығып, сынақтан өтті.
Жобаның бастапқы кезеңінде автобуста көлік жүргізушісі болады. Оның міндеті — автопилот жүйесінің жұмысын бақылау. Бұл — болашақта көлік жүйесін толық автоматтандыру үшін қажет.
RET автобус компаниясының өкілі Тесса Дронзек жергілікті БАҚ-қа сұхбат беріп, қолданыстағы заңдар мен ережелер жүргізушісіз көліктердің қоғамдық жолдарда адамның араласуынсыз қатынауына әлі рұқсат бермейтінін айтты.
RET компаниясының басшысы Линда Бут жүргізушілер жұмыссыз қалады деп алаңдамауға шақырды.
— Қазіргі уақытта біз жыл сайын жүздеген қызметкерді жұмысқа алып отырмыз. Бұл болашақта да өзгермейді. Себебі біз кадр тапшылығы мәселесін шешудің жолын іздеудеміз, — деді ол.
Автобуста жолдағы жағдайды бақылауға арналған камералар, датчиктер мен радарлар орнатылған. Роттердам-Гаага әуежайының өкілдері бұл көлік түрінің қауіпсіз екенін атап өтті. Автобусқа қоғамдық жолмен жүруге Ұлттық көлік басқармасы тарапынан жан-жақты тексерістен кейін рұқсат берілген.
Әуежай өкілдерінің айтуынша, автобус қатынайтын бағыт — әуежай мен Meijersplein метро станциясының арасындағы жол — қарапайым әрі жүргізушісіз көліктерге ыңғайлы.
Алайда мамандардың пікірінше, мұндай автобустардың жол қозғалысына толыққанды қатысушы атануы үшін әлі бірнеше жыл қажет. Себебі қазіргі технология мен құқықтық реттеу деңгейі бұл үшін жеткіліксіз.
— Біз бұл тәжірибеден сабақ алып, одан әрі даму жолын дұрыс жоспарлауымыз керек, — деді RET компаниясының өкілі.
Жүргізушісіз автобусты сынақтан өткізу — DAM Shuttles, RET, Роттердам-Гаага әуежайы, аймақтық билік пен қалалық әкімдік арасындағы бірлескен жоба.
Бұдан бұрын Нидерланд билігі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды ұсынғаны хабарланды.