Нидерландтағы турнирде Абылайхан Жүсіпов финалға жолдама алды

Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан бокстан Eindhoven Cup халықаралық турнирінде Абылайхан Жүсіпов (70 келі) финалға жолдама алды.

Жартылай финалда ол бельгиялық Анас Каддуримен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол төрешілердің бірауыздан шешімімен 5:0 есебімен басым түсті.

Абылайхан әлем чемпионатында үш дүркін қола жүлдегер атанған еді. Оған қоса Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізді.

Ал ел құрамасынан Даниял Сәбит (50 келі) жартылай финалда бельгиялық Редуан Ассаидің осал тұсын тауып, финалға жолдама алды.

Сондай-ақ ел құрамасынан Ертуган Зейнуллинов (65 келі) жартылай финалда әзербайжандық Али Абдуллаевқа есе жіберді.

Халықаралық турнир 6-9 маусым аралығында өтеді.

Айта кетсек, дүбірлі додаға еліміздің атынан 10 боксшы аттанған еді. Олардың арасынан ертерек Махмұд Сабырхан (55 келі), Ерхан Тұрдан (60 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі) жарыс жолынан шығып қалды.