АСТАНА. KAZINFORM - Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан бокстан Eindhoven Cup халықаралық турнирінде Ертуған Зейнуллинов (65 келі) жартылай финалға өтті.
Қазақстандық былғары қолғап шебері ширек финалда даниялық Абдулла Абу-Арабтан басым түсті.
Ол бұдан бұрын швециялық Хилаль Салехтің осал тұсын тапты. Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс Е. Зейнуллиновке берілді.
Дүбірлі додаға еліміздің атынан 10 боксшы барған болатын.
Енді ел құрамасынан Даниял Сәбит (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Тілемісов (85 келі), шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Дәулет Тілемісов (85 келі), Нұрлан Сапарбай (90 келіден жоғары) алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
Ал Ерхан Тұрдан (60 келі) украиналық Расул Гулиевке есе жіберіп қойды.
Халықаралық турнир 6-9 маусым аралығында өтеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.