Нидерландтағы турнирде қазақстандық екі боксшы жарысты жалғастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтың Эйндховен қаласында өтіп жатқан Eindhoven Cup халықаралық турнирінде қазақстандық екі боксшы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (70 келі) бірінші кездесуінде литвалық АлександраТрофимовпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында төрешілер оның жеңісіне бірауыздан қолдау білдірді.
Абылайхан Жүсіпов — ұлттық құраманың көшбасшы былғары қолғап шеберінің бірі. Ол үш әлем чемпионатында (Гамбург-2017, Екатеринбург-2019, Белград-2021) қола жүлде алса, 2017 жылы Ташкентте Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Сондай-ақ Сабыржан Аққалықов (75 келі) алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Ол уэльстік Орландо Холлей-Сатомиді 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Сабыржан 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанса, 2024 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.
Ал ел құрамасынан Ерхан Тұрдан (60 келі) 1/8 финалдан аса алған жоқ.
Айта кетсек, ел құрамасында олардан басқа Даниял Сәбит (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллин (65 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Тілемісов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Нұрлан Сапарбай (90 келіден жоғары) бар.
Халықаралық турнир 6-9 маусым аралығында өтеді.