Нидерландтықтар автомобиль жолдары саласындағы жобаларға қызығушылық білдіруде

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Нидерланды Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франс Якоб Потойтпен кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы азаматтық авиация саласы және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін қайта жаңарту жобасын іске асыруына қатысу мүмкіндігі жөнінде әңгіме қозғалды, деп хабарлайды ККМ баспасөз қызметі.

Көлік ведомствосының басшысы Қазақстанның көлік-коммуникация кешені жайында ақпарат бере отырып, қазіргі кезде іске асырылып жатқан ауқымды жобаларды атап өтті. Оның ішінде автомобиль жолдары саласындағы халықаралық қаржы институттары қаржыландыратын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы туралы ақпарат берді.

Өз кезегінде, Франс Якоб Потойт Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарды әрі қарай жаңа деңгейде дамыту мүмкіндіктері туралы айтты. Бүгінгі таңда екі ел арасында «Эйр Астана» мен «KLM» компаниялары орындайтын тұрақты әуе қатынасы қалыптасқан. Қазіргі таңда нидерландтық компаниялардың «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыруға қатысуға ынталы екендігін айтты.

Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов жобаның іске асырылуы басталғанына қарамастан, нидерландтық компаниялардың қатысу мүмкіндігі әлі де бар екенін қуаттады. Үстіміздегі жылы қалған алты учаске бойынша конкурстық рәсімдер өткізілетінін айтты. Сонымен қатар, концессиялық негізде автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жобалары бойынша конкурстық рәсімдерін өткізу жоспарланғанын мәлімдеді.