Нидерланды СІМ-і: Украинада апатқа ұшыраған Boeing жолаушылары бірден жан тапсырмаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинаның шығысында апатқа ұшыраған малайзиялық Boeing ұшағында қаза болғандардың бірі кислород маскасымен табылды, деп жазады шетелдік БАҚ.

«Сіздер қаза болғандарың бірінің бетінде кислород маскасы болғанын білесіздер. Яғни, оның мұны жасайтын уақыты болған. Біз осыны естен шығармауымыз керек», - деп мәлімдеді Нидерланды СІМ басшысы Франс Тиммерманс.

Осыған дейін сарапшылар Украинада апатқа ұшыраған малайзиялық лайнердің бортында болғандар бірден тіл тартпай кеткен деп мәлімдеген болатын.

айта кетейік, Malaysia Airlines әуе компаниясының Амстердам-Куала-Лумпур бағыты бойынша ұшып келе жатқан Boeing-777 әуелайнері Украинаның шығысында апатқа ұшыраған болатын. Оның бортында 298 адам болған, олардың бәрі қаза болды. Апатқа байланысты тергеу Нидерланды басшылығымен жүргізіліп жатыр. Елдің қауіпсіздік кеңесінің апатты тергеу бойынша алдын-ала баяндамасының мәтініне сай, ұшақ техникалық тұрғыда дұрыс болған және ауада сырттан болған әрекеттің салдарынан құлаған.