Нигерде 3 министр қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Нигер Республикасында кейінгі екі күнде мемлекеттік төңкеріске қатысушылар 3 министр мен биліктен кетірілген президент Мохамед Базумның партиясының басшысын қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолыға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, мұнай министрі Сани Иссуф Махамад қамалған. Ол – Нигердің экс-президенті Махамаду Иссуфудің ұлы. Сондай-ақ көлік министрі Алму Умару, шахталар министрі Усейни Хадизату Якуба мен демократия және социализм партиясының төрағасы Фумакойе Гадо бар.

Өткен аптада мәлім болғандай, Нигер президенті гвардиясының қызметкерлерінің бір бөлігі мемлекет басшысына қарсы шықты. Ол ұсталып, биліктен қуылды. Қазір президент Мохамед Базумның қайда екені белгісіз. Сонымен қатар қамауға сыртқы істер министрі Хассуми Массуду алынды.

Нигерде бүлік 26 шілдеде басталған болатын. Президенттік гвардия президент Базум мен оның отбасын резиденциядан шығармай қойған.

Мемлекеттік төңкерістің басы-қасында жүрген генерал Омар Тчиани өзін өтпелі кезеңнің президенті етіп жариялады. Ол бұл туралы ұлттық телевидение эфирінде мәлімдеді.