Нигерде нөсерлі жауыннан 23 адам қаза тапты

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Нигерде толассыз жауын салдарынан 23 адам қаза тауып, тағы 21 адам жарақат алды. Бұл туралы Ұлттық өрт сөндіру қызметінің қолбасшысы Али Абдул Азиз мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Оның айтуынша, жауын салдарынан 3 615 үй қирап, 5 855 отбасы қоныс аударуға мәжбүр болған. Барлығы 42 559 адам табиғи апаттан зардап шекті.

Али Абдул Азиз ел тұрғындарын жауын кезінде немесе одан кейін су арналарын кесіп өтпеуге, дренаждық каналдарды бөгемеуге, қауіпті аймақтардан аулақ болуға және уақытша баспаналарды паналамауға шақырды.

Бұған дейін Пәкістан мен Үндістанда да нөсер жаңбырдың кесірінен су тасқыны орын алғаны хабарланған болатын. Пәкістанның солтүстігінде құрбан болғандар саны 330 адамға жетсе, Үндістанның Кашмир аймағында шамамен 60 адам көз жұмған.