Нигердегі бүлікшілер биліктен шеттетілген президентті өлтіреміз деп қорқытты

НИАМЕЙ. ҚазАқпарат – Батыс Африка елдерінің экономикалық қауымдастығы (ЭКОВАС) Нигер шекарасына жақын жерде резервтегі әскерлерді қосуды талап етті. Қауымдастық шекараларды жабу, сапарларға қатаң тыйым салу және конституциялық тәртіпті қалпына келтіруге кедергі жасайтын адамдар активтерін тоқтату шараларын қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com-ға сілтеме жасап.

Кадр из видео: euronews.com

Бұрын Нигердегі билікті басып алған бүлікшілер көрші мемлекеттердің әскери араласуы жағдайында биліктен шеттетілген президент Мохамед Базумды өлтіреміз деп қорқытты.

Батыс ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бүлікті ұйымдастырушылар мұндай ескертуді 7 тамызда Нигерге келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы бірінші орынбасарының м.а. Виктория Нуландқа жасады. Ол елдегі демократиялық тәртіпті қалпына келтіру жолын ұсынды, бірақ бүлікшілер «онша қызығушылық танытпады».

Еске сала кетсек, Нигердегі әскерилер ұлттық телеарна арқылы президент Мохамед Базумды биліктен кетіргенін жариялады.

Олар сондай-ақ конституция мен барлық мемлекеттік институттар жұмысы тоқтатылып, елдің батыс Африкадағы шекаралары жабылады деп хабарлады. Теледидардан генерал-полковник Амаду Абдурахман сөйледі.

«Біз, қорғаныс және қауіпсіздік күштері өздеріңіз білетін режимді тақтан тайдыруға бел байладық», - деді генерал теледидар арқылы сөйлеген сөзінде. – Бұл – қауіпсіздік саласындағы жағдай нашарлап, экономикалық және әлеуметтік басқарудың төмендеуіне байланысты қабылданған шешім». Оның айтуынша, министрлік басшылары күнделікті міндетін атқара береді.

«Барлық сыртқы серіктестерден мәселеге араласпауды сұраймыз. Жағдай тұрақтанғанша теңіз және әуе шекаралары жабылады», – деді ол.

Африканың Нигер еліндегі оқиғалар әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Қызығушылықтың артуы Нигердің Еуропалық Одақ импорттайтын уранның үлкен қорына, сондай-ақ Сахель аймағындағы жалпы қауіпсіздік жағдайына байланысты. Толығырақ ҚазАқпарат ХАА-ның талдау материалынан оқи аласыз.