Нигерияда 50 мыңдай бала аштан қырылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нигерияның солтүстік-шығысында 50 мыңдай бала аштан қырылуы мүмкін. Тағы 244 мың жеткіншек тойып тамақ ішуге зар. ЮНИСЕФ-тің Батыс және Орталық Африкадағы директоры Мануэль Фонтен осылай дабыл қақты, деп жазады 24.kz.

Оның айтуынша, Борно штатындағы көптеген тұрғындар лаңкестер қиратқан қалаларда адам төзгісіз жағдайда өмір сүруде. Тамақ түгілі халық бір жұтым таза суға зар болып отыр.

Аймақтағы ЮНИСЕФ басшысы ауыр жағдайды түзеу үшін әлемдегі донор елдерден қаржылай көмек сұрады. Бұған дейін де Біріккен Ұлттар Ұйымы Нигерияда 2 жарым миллион тұрғын аш-жалаңаш ғұмыр кешуде деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы Бама қаласында бір айдың ішінде 200-ден астам тұрғын аштан бұратылып ажал құшты деп суыт хабар таратқан болатын.

Сарапшылардың айтуынша, «Боко харам» лаңкестік тобы аймаққа үлкен қауіп төндіріп отыр. Олар өңірге гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі жасауда.