Нигерияда белгісіз адамдардың шабуылынан 35 адам қаза тапты
02:30, 25 Қыркүйек 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нигерияның Нигер штатындағы ауылға белгісіз біреулер шабуыл жасап, салдарынан кем дегенде 35 адам көз жұмды, деп хабарлайды РИА Новости.
Синьхуа агенттігінің жергілікті билікке сілтеме жасап хабарлауынша, ауылға 40 шақты қарулы адамдар басып келген. Олар болжам бойынша фуланидің көшпенді бақташылары болуы мүмкін.
Шабуыл салдарынан ауыл тұрғындары үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Қайтыс болғандардың арасында полиция қызметкерлері де бар.
Көшпелі фулани халқы мен нигериялық өзге тайпалар арасында қанды қақтығыстар жиі орын алып отырады. Көшпенділер малын алдына салып алып, өзге тайпалардың территориясына өтіп кететіндіктен тайпалар қарулы ұрыстарға жиі барады. Соңғы бірнеше жылдың ішінде осындай дау-жанжалдардың кесірінен мыңдаған адам қаза тапқан. Фото: © Teseum/flickr.com (CC BY ND 2.0)