Нигерияда қарулы шабуылдан 23 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Нигерияның шығысындағы Бенуэ штатында бірқатар қарулы шабуыл салдарынан кемінде 23 адам қаза тапты, деп хабарлайды Анадолы.
Квандэ ауданының әкімшілігі басшысы Рэй Анумвенің жергілікті газетке берген мәліметінде, шабуылдарды көшпелі фулани тайпасынан шыққан малшылар Квандэ ауданындағы ауылдарға жасаған. Оның айтуынша, қаза тапқандардың арасында балалар да бар, көптеген тұрғын жарақат алған.
Шенеуніктің сөзінше, шабуылдаушылар бейбіт тұрғындардың азық-түлік қорын тонап, көптеген үйді өртеп жіберген.
Бенуэ штатында фулани малшылар мен жергілікті егінші қауымдар арасында жиі қанды қақтығыстар болып тұрады. Сәуір айында осыған ұқсас шабуылда бұл өңірде шамамен 100 адам қаза болған.
Айта кетейік, бұған дейін Нигерияда қарулы шабуылдан 14 шахтер қаза тапқанын жаздық.
БҰҰ Нигерияда 600 мыңнан астам бала аштықтан қырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.