Нигерияда қарулы шабуылдан 58 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Нигерияның солтүстік-шығысындағы Тараба штатында белгісіз қарулы адамдар елді мекенге шабуыл жасап, 58 адам қаза тапты. Полицияның мәліметінше, жексенбі күні тағы 15 адамның мәйіті табылған. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: report.az

Тараба штаты полиция басқармасының баспасөз хатшысы Виктор Мшелиза жұма күні Карим-Ламидо ауданындағы Биннари елді мекенінде болған шабуылдан қаза тапқандар саны 58-ге жеткенін айтты. Оның сөзінше, жексенбі күні оқиға орнынан қашып кеткен 15 адамның мәйіті табылған.

Полиция өкілінің мәліметінше, шабуыл елді мекенде апта сайын өтетін базар күні болған. Қаза тапқандардың денелері маңайдағы бұталы жерлер мен өзеннен табылған.

Сондай-ақ зардап шеккендерді жақын маңдағы елді мекенге жеткізу кезінде қайық аударылып кеткен. Полиция өкілі тағы бірнеше адамның хабар-ошарсыз кеткен болуы мүмкін екенін айтты.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қауіпсіздік қызметкерлері бастапқыда 40-тан астам адамның мәйітін тапқан. Төрт сағатқа созылған шабуыл кезінде қарулы адамдар жұртқа бейберекет оқ жаудырып, үйлер өртенген. Соның салдарынан бірнеше отбасы баспанасыз қалған.

Тараба штатының үкіметі мәлімдемесінде аман қалғандар мен зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек тарата бастағанын хабарлады.

Әзірге штаттағы шабуыл бойынша ешбір қарулы топ жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Соңғы жылдары бұл өңірде қауымдар арасындағы қақтығыстар, қарақшылық әрекеттер және этникалық-діни қайшылықтар салдарынан адам өліміне әкелетін зорлық-зомбылық жиілеген.

Айта кетейік, биыл Нигерияның солтүстік-шығысындағы шабуылда 17 полиция қызметкері қаза тапқан болатын.