Нигерияда Ласса безгегінен қаза тапқандар саны 151 адамға жетті
АБУДЖА. KAZINFORM – Нигерия Ауруларды бақылау орталығының мәліметінше, 1 қаңтардан бері елде Ласса вирусынан туындаған 800 жағдай тіркелген, оның 151-і өліммен аяқталған, деп хабарлайды Anadolu.
Өлім-жітім деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,3%-тен 18,9%-ке дейін артқан. 2023 жылы бұл аурудан 190 адам қайтыс болған.
Ласса безгегі алғаш рет 1969 жылы Нигерияның Борно штатында тіркелген. Бұл вирус Батыс Африка елдерінде, соның ішінде Мали, Того, Гана, Либерия және Сьерра-Леоне елдерінде жиі таралады. Ауру жұқтыру деректерінің көбеюіне байланысты Нигерия билігі 2019 жылдың қаңтарында төтенше жағдай режимін енгізген болатын.
Вирус адамға егеуқұйрықтардың нәжісі немесе зәрі арқылы тарауы, сондай-ақ адамнан адамға жұғуы мүмкін. Ауру ауыр геморрагиялық қызба тудырып, өлімге әкелуі ықтимал.
Денсаулық сақтау қызметтері азаматтарды санитарлық талаптарды сақтауға және бұл вирустың негізгі тасымалдаушылары – кеміргіштерден аулақ болуға шақырып отыр.
Айта кетейік, БҰҰ Нигерияда 600 мыңнан астам бала аштықтан өліп кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.