Нигерияда жыл басынан бері Ласса безгегінен қайтыс болғандар саны 127-ге жетті
АБУДЖА. KAZINFORM — Соңғы аптада елдегі алты штатта Ласса безгегінің 14 жаңа жағдайы тіркеліп, бесеуі қайтыс болды, деп жазды Анадолы.
Нигериядағы Ауруларды бақылау орталығы (NCDC) соңғы аптада елдің алты штатында Ласса безгегінің 14 жаңа жағдайы тіркелгенін, бес адамның қайтыс болғанын хабарлады.
Орталықтың мәлімдемесінде қаңтар айынан бері елде Ласса безгегінің жалпы 674 жағдайы тіркелгені, ал бұл аурудан көз жұмғандар саны 127-ге жеткені атап өтілген.
Аталған дерттің өлім-жітім деңгейі 18,8%-ды құрап отыр, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (18,5%) сәл жоғары.
Өткен жылы Нигерия бойынша бұл індеттен 190 адам көз жұмған.
Нигерия үкіметі 2019 жылдың 23 қаңтарында Ласса безгегіне байланысты төтенше жағдай жариялаған болатын.
Ласса безгегі — Мали, Того, Гана, Либерия және Сьерра-Леоне сынды Африканың көптеген елдерінде таралған инфекциялық ауру. Бұл ауру алғаш рет 1969 жылы Нигерияның солтүстік-шығысындағы Борно штатында анықталған.
Ауру көбіне кеміргіштердің нәжісімен байланыс арқылы жұғады, сондай-ақ адамнан адамға да жұғуы мүмкін. Ауру өлімге әкелетін қан кету арқылы өтетін безгек түрімен сипатталады.
Билік халықты тышқандармен және басқа да кеміргіштермен байланысудан аулақ болуға шақырып отыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Нигерияда жыл басынан бері менингиттен мерт болғандар саны 156-ға жетті.