Нигериялық азамат елорда халқын тазалыққа үндеп, қазақша блог жүргізеді

Фото: Абдул Керімнің жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде «Тазалайық!» есімімен танымал нигериялық азамат қазақ тілінде ән шырқап, блог түсіріп жүр.

Африкадан Қазақстанға саяхаттап келіп, тұрақтап қалған Абдул Керім Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берді.

— Мен Қазақстанға бірінші турист ретінде саяхаттап келген едім. Осында әйеліммен танысып, отау құрдық. Қазір балаларымыз бар. Мен әншімін, ән жазамын. Бірінші қазақша ән айттым, кейін тілін үйрендім. Қазақстанға құрметпен қараймын, сыйластығым бар. 1 жыл бұрын «Бізде бәрі бар» деген альбомым шықты. Неге «Бізде бәрі бар»? Өйткені Қазақстанда бәрі бар ғой, — дейді студия қонағы.

Әншіге қазақ тілін жетісайлық досы үйретіпті.

Фото: Абдул Керімнің жеке мұрағатынан

— Қазақстанға 2019 жылы келдім. Алғашында орыс тілін үйренгенмін. Мұнда менің жақын достарым бар. Мен оларды туысқандарым деп айтамын. Бәріміз туысқандар секілді араласамыз. Жетісайлық Бектұр деген досым алғаш болып маған қазақ тілін үйрете бастады. Кейін әртүрлі адамдармен сөйлесу арқылы үйрендім. Мен қазір Қоңырат болып үлгердім. Ал әжем — Найман, — дейді ол.

Абдул Керім әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарын тазалыққа шақырып, жиі видео жариялайды.

— Тазалық біздің өмірімізге қажет. Ата-бабаларымыз да денсаулық үшін тазалық керек екенін айтады. Және жастарға да осы тәрбиені көрсетуіміз керек. Үйді жинау керек, қаланы таза ұстау қажет, жалқау болмау керек. Сол кезде өміріміз күшті, денсаулығымыз мықты болады. Бұл пайдалы іс. Сол үшін мен осы блогты түсіріп бастадым, — дейді Абдул Керім.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Астанада қазақша ән тыңдап отырған бейнежазбасын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялағаны туралы жазған едік.